Киелі объектілер

Киелі объектілер – айтулы тарихи оқиғалармен және аса көрнекті тұлғалармен, сондай-ақ халықтың рухани құндылықтарымен байланысты тарихи және есте сақтарлық жерлер, қолмен жасалған және табиғи ғибадат ету объектілері, ландшафттар, құрылысжайлар.

Қостанай облысының аумағында мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектісі  бар. «Қазақстанның киелі картасына» Қостанай облысының жалпыұлттық маңызы бар 10 объектісі және өңірлік  маңызы бар 19 объектісі  енгізілген.

Қостанай облысындағы қазақ мемориалдық-мәдени сәулет өнерінің аса айырықша  ескерткіштерінің басым бөлігі  Торғай өңірінде орналасқан:  Екідің ғұрыптық  ескерткіші (VIII-ІХ ғасырлар),  Жәуке батырдың кесенесі (1822-1904), 1916 жылы Қазақстан халқының ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Әбдіғаппар  Жанбосынұлының кесенесі.

ХІХ ғасырдағы мемориалдық-ғұрыптық  құрылыстар  «Қыз тамы» кесенесі,  «Костам»  кесенесі,   Құлымбет әулиенің кесенесі (XIX ғасыр) ерекше алыстан көзге түседі.

Торғай өңіріндегі  қазақ  сәулет өнерінің айрықша  ескерткіштерінің ішінде Амангелді ауданының  Амангелді ауылындағы зиратта  орналасқан Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлының  кесенесін атап өтуге болады. Кесенені 1899 жылы Сатыбалды ишанның үлкен ұлы – Мырза ишан салған.

Жыл сайынғы халықтың зиярат ететін  орны Сарыкөл ауданы, Крыловка ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан Барақ Жанұзақұлы (Қарабалуанұлы) кесенесі.

Егер діни сәулет ескерткіштері туралы айтатын болсақ, Қостанай облысында XIX ғасыр кезеңіндегі мешіттер мен шіркеулер сақталған. ХІХ ғасырдың аяғындағы Қостанай қаласындағы  көрнекті сәулет ескерткішінің бірі- «Ақмешіт»  мұсылмандар  мешітінің ғимараты.

Қостанай облысының ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі- Ұзынкөл ауданының Пресногорьковка ауылында орналасқан Әулие -Никольск шіркеуі.  Шойтастан және күйдірілген кірпіштен салынған  шіркеу 1799 жылы жергілікті тұрғындардың қайырымдылық қаражатына  салынған.

Православиелік сәулет объектілерінің  ішінде Меңдіқара ауданы, Боровской ауылындағы Косма-Дамиан шіркеуін  ерекше атап өтуге болады. Шіркеудің құрылысы 1905 жылы басталып,  1911 жылға дейін үзіліспен жалғасты. Діни рәсімдерді өткізу   1912 жылы басталды. Ғибадатхана Косма мен Дамианның құрметіне аталған.

Тарихи тұлғалармен және тарихи оқиғалармен байланысты, алыс және жақын шетелдерден туристер келетін және   зиярат ететін  орындар  болып табылатын киелі объектілер бар. Олар: Жәуке Назарғұлұлы кесенесі, Ыбырай Алтынсарин кесенесі, Жазы би Жанұлы кесенесі, Шоқай би Балқанұлының жерленген жері, Мұхамеджан Сералиннің жерленген жері, Сарытүбек ауылы (Ахмет Байтұрсынұлының  туған жері), Кейкі батыр кесенесі, Әбдіғаппар Жанбосынұлы кесенесі.

Қазақ халқының діни наным-сенімдерінде ата-баба, рух-аруақтарға табыну маңызды орын алады. Қабірлердің үстіне кірпіштен ғимараттар, кесенелер мен мазарлар тұрғызылған. Бұл ескерткіштер  зиярат ететін орындарға жатады және бүгінгі күнге дейін  жергілікті тұрғындар тағзым ететін орындар болып саналады. Олар: Құтан әулие Аталықұлы кесенесі, Баймырза әулие Мергенұлының кесенесі, Қоянақ әулие Жолшарақызының кесенесі, Түркібай әулие Ақанұлы жерленген жері, Құлымбет әулие Тәтібекұлы кесенесі, Аспантай абыз әулие Қалдарұлы жерленген жері.

Орналасқан жері: Жангелдин ауданы, Ақкөл ауылынан 2 шақырым жерде.

Ақын, публицист, ғалым, түркітанушы және лингвист, көрнекті қоғам қайраткері, ұлттық жазудың реформаторы, Алаш қозғалысының көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай уезінің Сарытүбек ауылында (қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы) дүниеге келген.   2017 жылы Қазақстанның киелі картасына шағын музей-үйден және Байтұрсыновтар әулетінің қорымынан тұратын «Сарытүбек ауылы (Ахмет Байтұрсынұлының туған жері)» өңірлік маңызы бар объект енгізілді. Үйді 2009 жылы жергілікті тұрғындар Ақкөл ауылының жанына А.Байтұрсынұлы дүниеге келген үй тұрған жерге салған. 2022 жылы Ұлт Ұстазының 150 жылдығына орай осы жерде бірнеше бөлмеден тұратын жаңа музей -үй салынды. Қонақ бөлмеде А.Байтұрсынұлына арналған экспозиция, сол кездегі интерьер қалпына келтірілді, қалған бөлмелер зиярат етушілерге заманауи безендірілген.

Музей -үйінің жанындағы әулеттің қорымында Ахметтің әкесі Байтұрсын, ағалары Қали және Мәшен жерленген. 2022 жылы бейітті абаттандыру жұмыстары жүргізілді, қоршаулар орнатылды, жолдарға тас төселді. Бейіттерге жаңа құлпытастар орнатылды. Қорымның аумағында биіктігі 7,5 метр күмбезді ақ кесене салынды. Кесене ашылған кезде жерлеу рәсімі өткізіліп, Алматы қаласында А.Байтұрсынов атылған жерден бір уыс топырақ салынды.